Петропавлда Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының 35 жылдық мерейтойы аталып өтті.
Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы алғаш рет 1989 жылы Алматы қаласында өткен I құрылтайда құрылды, СҚО-да алғаш рет клуб ретінде жұмысын бастаған. Кейін Тәуелсіздік алғаннан кейін әр өңірде «Қазақ тілінің» филиалдары ашылды. Сол кезде Петропавлда таза қазақ тілінде екі ұжым – облыстық газет пен Әбу Досмұханбетов атындағы қазақ мектеп-интернаты ғана жұмыс істеген. Нәтижесінде 2002 жылы өңірде 151 қазақ, 102 аралас мектеп болды. 75 ауылдық округтағы 200-ге жуық мекемеде іс-қағаздар 2 тілге көшірілді. 250-ден астам аудармашы маман қызметке алынды. 750 тіл үйірмесі жұмыс істеп, 15 мың адам білім алды.
— 35 жылдың ішінде «Қазақ тілі» қоғамы облыстық филиалының жеткен жетістігі көп. Оның негізгісі — Петропавлдағы қазақ мектептерінің, қазақ сыныптарының ашылуы. Бүгінгі күні әлі де атқаратын жұмыс көп. Соның бірі — баланың тегін қазақша жаздырту және оның қазақ балабақшасына баруы, қазақ сыныбына беру бойынша жұмыстар жүргізіп жатырмыз, — дейді облыстық филиалдың төрағасы Жанат Мұхамеджанов.
Іс-шараға арнайы келген ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің басқарма басшысы Қайыржан Рақымжановтың айтуынша, елімізде тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы қабылданған. Бұл ҚР Үкіметінің қаулысымен бекітілген тілдерді дамыту саласындағы жалғыз құжат.
— Ұзақ мерзімді стратегиялық тұрғыдан маңызды құжат. Бұл тіл тұжырымдамасында жалпы 70-тен астам іс-шара бар. 13 нысаналы индикатор және 5 бағыт көрсетілген. Олар науқандық емес, қоғамның сұранысына жауап беретін, маңызды жобалар. Тілді дамыту тұжырымдамасының негізгі бағыттары ретінде тілдік ортаға негізделген тіл саясатын жүргізу немесе қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту, сонымен қатар тілдік жоспарлауды жүзеге асыру, тіл үйрету әдістемесін жетілдіру, қазақ тілі контентінің үлесін арттыру енгізілген.Биыл жергілікті атқарушы, орталық мемлекеттік органдармен және ұлттық компаниялармен бірлесіп, 52 іс-шараны қолға алдық. Қазіргі уақытта тек бір ғана индикатор бойынша жоспар орындалмай келеді, ол қазақ алфавитін латын графикасына көшіру, — дейді Қайыржан Рақымжанов.
Қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту мақсатында ел бойынша бірқатар маңызды жұмыс жүргізілді. Бұл туралы Қайыржан Рақымжанов тізбектеп берді.
— «Мемлекеттік тілді меңгерген тұрғындардың үлесі» нысаналы индикаторы әкімдіктердің даму жоспарына енгізілді.Республикада орфографиялық комиссия құрылды. Бұл қазақ жазуын зерттеуге арналған.Республикалық терминология комиссиясы қоғамдық-гуманитарлық және жаратылыстану-математика бағыттарына бөлінді. Енді Қазақстан Республикасы азаматтығын алғысы келетін шетелдіктер қазақ тілі мен Қазақстан тарихынан, Конституция негіздерінен тест тапсырады. Жергілікті атқарушы органдардың маңдайшаны орналастыру тәртібі айқындалды.«Қазақ тілінің ұлттық сөздік қоры» мемлекеттік ақпараттық жүйесі қалыптастырылатын болады.Ұлттық корпустың базасы 146 млн сөзқолданысқа жетті.Мемлекеттік тілді үйрету бағытында А1, А2 деңгейлерінде 80 бейнесабақ әзірленіп, «Абай институты» платформасына орналастырылды, — дейді министрлік өкілі.
Жиын барысында, сондай-ақ, облыстың бірқатар тіл жанашыры түрлі марапатқа ие болды.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ.