ТАРИФ ӨСКЕНІМЕН ҚОҚЫС АЗАЙҒАН ЖОҚ

Авторы: Qyzyljar News

Петропавлда қоқыс шығару, қаланы абаттандыру мәселелері талқыланған жиын өтті. Онда шаһардың ластанып бара жатқандығы, қоқыс шығаратын кәсіпорындардың жұмысты жөнді атқара алмай отырғандығы сөз болды

Бүгіндері Петропавлда қатты тұрмыстық қалдықтарды шығарумен бес кәсіпорын айналысады. Ол — «Коммунхоз», «ЧистыйПетропавловск», «Мюльсервис», «Жилищная служба» және «КоммунСевер» ЖШС. Аталған компаниялардың сұрауы бойынша екі жыл бұрын қалада қоқыс шығару тарифі көтерілген. Сол кезде серіктестіктердің көбі техника паркін жаңартуға уәде берген. Алайда жаңа көліктерді тек «Жилищная служба», «Мюльсервис» және «Коммунхоз» ЖШС ғана сатып алған. Бірақ бұл да олардың жұмысын жақсартуға септеспеген. Өйткені, тұрғындар тарапынан шағымдар көптеп түсіп жатыр.

Қоқысты уақытылы шығармай, жұмысына жүрдім-бардым қараған компаниялар бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонда да жағдай өзгерер емес. Осы жерде тұрғындарға қоқыс шығаратын кәсіпорынның жұмысы көңіліңізден шықпаса, басқа компанияны таңдап, сонымен келісімге отыруға болатындығын айтқым келеді, — деді қала әкімі Серік Мұхамедиев.

Сондай-ақ ол қоқыс шығарудың да тәртібі бар екендігін еске салды. Яғни, жиһаз, құрылыс материалдары мен өзге де ірі габаритті қалдықтарды  жәшіктердің маңына үйіп кетуге болмайды деді.

Осы мәселе бірнеше рет айтылғанымен жағдай өзгерер емес. Қоқыс шығарумен айналысатын кәсіпорындар ірі габаритті қалдықтарды шығаруға міндетті емес. Оны тұрғындардың өздері арнайы қызметті шақыртып, полигонға апарып тастауы тиіс. Мұны ПИК пен МИБ төрағалары қадағалап отырғаны жөн. Қазір бұл іске полиция кіріскен. Сөйтіп, жиһаз, құрылыс қалдықтарын лақтырған петропавлдықтарға  айыппұл салынуда. Жыл басталғалы 1764 қала тұрғыны әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Оның 1656 жеке, 108-і заңды тұлғалар. Олардан 1 млн. 816 мың теңге өндіріліп алынды, — деп толықтырды Серік Мұхамедиев.

Коммуналдық қызметтердің де жұмысына шағым көп. Сондықтан бақылауды күшейту қажет. Яғни, жұмысын дұрыс орындамаған мердігер компанияларға айыппұл салу қажет.

QYZYLJAR NEWS

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінде 2022 жылғы 20 қаңтарда тіркеліп, №KZ76VPY00045027 куәлігі берілген.

Меншік иесі:  

СҚО әкімдігінің «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС.

Яндекс.Метрика

Директор —

Ербақыт Амантайұлы

 

@2022 — Designed and Developed by qyzyljarnews.kz