Күннің жылынуымен кене оянып, адамдар зардап шеге бастады. СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, кене түрлі жұқпалы аурулардың көзі. Соның ішіндегі ең қауіптісі — кене энцефалиті. Бұдан бөлек кене сүзегі, кене боррелиозы, Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы сияқты қауіпті аурулардың тасымалдаушысы болып, аллергиялық реакциялар тудыратынын есте ұстаған жөн. Әдетте жұмысы орман шаруашылығымен, кене энцефалитінің табиғи ошақтарында болумен байланысты адамдар профилактикалық иммундаудан өтеді.
Кене энцефалитінің профилактикасы мақсатында жәндіктер шағып алған жағдайда кене иммуноглобулині қолданылады. Препаратты дәрігер медициналық ұйымға жүгінген кезде тексеруден кейін ғана тағайындайды.
— Кене шағып алған жағдайда ең дұрысы дереу дәрігерге медициналық көмекке жүгіну керек. Біріншіден, кенені толығымен өз бетінше алу мүмкін емес. Кененің басы жұлынып, жараның ішінде қалуы мүмкін. Екіншіден, жәндіктердің уы денеге тері арқылы да енуі мүмкін. Ем-шараны жүргізушіге жұқтыру қаупі бар. Үшіншіден, егер сіз кенені өзіңіз алып тастасаңыз оның жұқтырғыштығын білу мүмкін болмайды және оны тексеру үшін маманға бару керек, — дейді СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының м. а. Арман Күшбасов.
Егер кене шағып алғаннан кейін дене температурасының жоғарылауы, ауырсыну, қатты бас ауруы байқалса, дереу дәрігерге қаралған жөн.
— Жәндіктерден сақтану үшін табиғат аясына шыққан кезде репелленттерді қолдану қажет. Кенеге қарсы құралдар шағу қаупін азайтады. Қорғануды ұмытпаңыз, ол үшін жеңі ұзын жабық киім және қонышы ұзын аяқ киім киіңіз. Өзіңізді және жақындарыңызды үнемі қарап-тексеріп отырыңыз. Табиғатта серуендеп келгеннен кейін денені кенелердің бар-жоғына мұқият тексеріңіз. Ал кене шаққан жағдайда уақтылы медициналық көмекке жүгініңіз. Иммуноглобулиннің тиімділігін қамтамасыз ету үшін шаққаннан кейінгі алғашқы 4 күнде медициналық ұйымға хабарласу қажет, — дейді Арман Күшбасов.
Былтыр облыста кене шағудың 653 жағдайы тіркелген екен.
Ақерке Дәуренбекқызы.