Қазақстанда шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға көп көңіл бөлінген. Әсіресе аймақтарда шағын бизнестің дамуы – жұмыссыздықты төмендету, халықты сапалы өніммен қамту, ішкі нарықты әртараптандыру сияқты маңызды міндеттерді шешуге ықпал етеді. Петропавл қаласында іске қосылған «Samsa_petropavl» жартылай дайын өнімдер цехының табысты дамуы – осының айқын дәлелі.
2023 жылдың қазан айында кәсіпкер Шаира Анварова өз үйінің асханасында алғашқы самсаларын пісіріп, «Instagram» әлеуметтік желісі арқылы тапсырыс қабылдай бастады. Бүгінде кәсіпкердің қарапайым хоббиі толыққанды бизнеске айналған.
«Басында тек қызығушылықпен пісірдім. Таныстарыма, көрші-қолаңға пісіріп бердім. Бірақ алған жандарға самсам ұнап, тапсырыс бірден көбейді.. Сол кезде «осыны кәсіпке айналдыруға болады екен» деген ой келді», – дейді кәсіпкер.
Осылайша кейіпкеріміз отбасылық бюджетке кіріс көзін тапты. Бұл – Қазақстанның оңтүстігінен солтүстігіне қоныс аударған жас отбасы үшін ерекше бетбұрыс болды.
Жергілікті нарықта сапалы, үй тағамдарына ұқсас жартылай дайын өнімдерге деген сұраныстың артуы – кәсіпкер үшін басты мүмкіндікке айналды. Алғашында тек самса пісірумен шектелген Шаиран тұтынушылардың сұранысына сәйкес өнім көлемін де, түрін де көбейткен.
«Тұтынушылар самсамды алып көрген соң «басқа не бар?» деп сұрай бастады. ірімшік құймақтары, котлеттер, мәнті, тұшпара, қырыққабат орамасы, бәрін қосып отырдым. Бастапқыда жалғыз үлгере алмай, көмекші алуға тура келді. Кейін үйге сыймай, арендаға орын жалдап, шағын цех аштық», – дейді ол.
Бүгінде «Samsa_petropavl» цехы 35-тен астам өнім түрін шығарады. Барлығы табиғи өнімдерден, үйдегідей технологиямен әзірленеді. Халал стандарттары сақталады.
Сапалы отандық өнім тек табыс көзі ғана емес, сонымен қатар жаңа жұмыс орындарын ашу арқылы жергілікті тұрғындарды тұрақты табыспен қамтамасыз етуде. Екіншіден, цехта пайдаланылатын шикізаттың көп бөлігі жергілікті тауар өндірушілерінен алынатындықтан, бұл ауыл экономикасына жанама қолдау көрсетеді. Үшіншіден, шетелден келетін ұқсас өнімдерді отандық сапалы баламамен алмастыру арқылы импортқа тәуелділікті азайтуға нақты үлес қосып отыр. Сонымен қатар, заңды тіркелген кәсіпкер ретінде мемлекеттік бюджетке тұрақты салық түсімдерін қамтамасыз етуде. Осы сынды шағын өндірістер ауыл мен қала арасындағы экономикалық байланысты нығайтып, өңірлік экономиканың орнықты дамуына тірек бола алады
Жалпы «Samsa_petropavl» жобасы – әлі де өсіп, дами түсетін әлеуетке ие. Алдағы уақытта цехты кеңейтіп, өнімдерін басқа өңірлерге де тарату көзделген. Сондай-ақ франшиза моделі арқылы басқа қалаларда да осындай шағын өндірістер ашу мүмкіндігі қарастырылып отыр.
«Басты мақсатым – халыққа сапалы, таза, дәмді үй тағамын ұсыну. Біз үшін әр өнім – жауапкершілік. Тұтынушылар бізге сеніп, өнімімізді дастархандарына қояды. Сол сенімді ақтау керек деген ой ынталандырады», – дейді кәсіпкер.
Кез келген елдің экономикасының негізгі тірегі – шағын және орта бизнес. «Samsa_petropavl» сынды жобалар қолдау тапса, елдің азық-түлік қауіпсіздігі, өңірлік теңгерім және жұмыспен қамту көрсеткіштері жақсара түсері сөзсіз.
Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ.