Наурызда жұртшылықты қуанышқа бөлеген республикалық командалық айтыс арада ай өтпей екінші мәрте Қызылжар төрінде салтанат құрды. Өткен айналымда Шығыс Қазақстан облысының командасынан озған жергілікті өнерпаздар бұл жолы астаналық майталмандармен бақ сынасты. Айтыстың тақырыбы еңбек адамдарына арналды. Шараны жүргізген ақын Аманжол Әлтай теріскейдегі диқандардың еңбегі құрметке лайық екенін атап өтті.
Бұл жолы сүре айтыста өңір намысын Қабдолла Бейісхан қорғап, елордалық Еркебұлан Қайназармен үзеңгі қағыстырды. Сүре айтыстың ережесіне сай екі ақын да қолтығын жаза ұзақ көсіліп, тыңдарманның құлақ құрышын қандырды. Ә дегеннен Еркебұлан Қайназарға жезде деп қалжыңдаған Қабдолла ұтымды ойларымен, тапқыр жауаптарымен көптің көңілінен шықты.
Сүре айтыстан кейін жырға да кезек келіп, Қызылжарлық Тоймырза Абашев пен астаналық Елмұра Жаңаберген сахнаға шықты. Тоймырза Абашев Қожаберген жыраудың «Күлдірмамай» дастанын орындаса, қарсылас команданың өнерпазы Әсеттің әйгілі «Салиха-Сәмен» дастанын ала келіпті. Бұл өнерге белгілі жыршы Берік Жүсіпов баға берді.
Бұдан кейін қысқа-нұсқа жауаптасып сөз қағыстыратын түре айтысқа кезек келіп, Жұмабек Рахимов пен Иранғайып Күзембаев өнерлерін паш етті. Алайда екі ақын да ондыққа дәл тигізе алмай, тоғыз ұпайды місе тұтты.
Келесі кезекте күй тартысқа елдің назары ерекше ауып, Асхат Ғалеев пен Бақытжан Дүйсенғазиев халықтың қошеметіне бөленді. Ұстаз бен шәкірттің, аға мен інінің арасындағы күй тартысқа белгілі өнер майталманы Жанғали Жүзбай жоғары баға берді.
– Елдің намысын арқалап, тұтқасын ұстау оңай емес. Асхат сол міндетті абыроймен атқарып шықты және өз ұстазымен тең өнер көрсетті. Ұстаз бен шәкірт арасындағы күй тартыс тарихта бұрын да болған. Бүгін де сондай деңгейдегі өнерді тамашаладық, – деді Жанғали Жүзбай.
Командалық айтыста арқаланып, делебесі қозған көрермен қызылжарлықтарға қолдау білдіріп, қошеметін аямады. Қатысушылар да шын тілекші болған халықтың үмітін ақтауға барын салды. Алайда қыз бен жігіт айтысына шыққан Берденбек Мырзат қарсыласы Фариза Жетпісбайға есе жіберіп алды. Көп өтпей Жарқын Жұпархан таразы басын қайта теңестіріп, қайым айтыста астаналық Нартай Тілеуқұлдан басым түсті.
Өнер кешінде дәстүрлі ән бойынша Біржан Есжан мен Гүлмира Сарина ән салды. Бұл жолы Біржан Есжан Зілқара шешеннің ұмыт болып бара жатқан «Сексен сегіз» әнін орындады.
Командалық жарыс термемен түйінделіп, қызылжарлық Мейрамгүл Здуалива мен елордалық Ерболат Шалдыбеков текті өнердің қасиетін танытты. Соңында қазылар екі аймақтың сегіз ақынын сахнаға шығарып, Құлмамбет айтыс жасады. Алқа-қотан топта тауып айтуға тырысқан команда мүшелері бірінің сөзін бірі іліп әкетіп, есе жібермеуге тырысты. Алайда Құлмамбет айтыста төрешілердің басым бөлігінің ұпайы Астана командасына беріліп, жеңіс Арқадан келген командаға бұйырды. Осылайша республикалық айтыстың екінші айналымына өткен бес команда анықталды.
Диас АЯҒАН.