СУБСИДИЯ СЕРГЕЛДЕҢІ

Авторы: Qyzyljar News

Облыстық кәсіпкерлер палатасы мен жемқорлыққа қарсы күрес  жөніндегі іс-қимыл департаменті бірлесіп қолға алған «Бизнеске жол» жобасы аясында өткен жиында   ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің құқықтарын қорғау мәселесі қаузалды.  Шараға облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы, қаржы ұйымдарының өкілдері, шаруалар қатысты. Олар мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін арттыру және жемқорлыққа жол бермеу жайын сөз етті.

Отырысты ашқан  департамент басшысының орынбасары Алмат Мырзалиев ауыл шаруашылығын дамытудың маңыздылығын атап өтіп, бұл салада қордаланған мәселелердің бар екеніне назар аударды.

–Былтыр жергілікті бюджеттің 13 пайызы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне 7 субсидия түрі бойынша қолдау көрсетуге бағытталды. Алайда әлі күнге дейін мемлекеттік қолдауға қол жеткізе алмай келе жатқан шаруалар бар. Жемқорлыққа қарсы қызмет жүргізген монитринг салада ауыл шаруашылығының дамуын тежеп отырған бірқатар түйткілдерлі анықтады, –  деді Алмат Мырзалиев.

«Бизнеске жол» жобасы аясында өңірде 11 мәселе өз шешімін тауып, 1200 шаруаның құқығы қорғалған. Департамент жанындағы  превенция басқармасының басшысы Марат Ахметовтің сөзінше,  өңірлік бизнес-паспорт дайындалып, салада туындаған сұрақтарды шешу үшін сарапшылар тобы құрылған. Департамент мамандары Атырау мұнай өңдеу зауытынан сапасыз жанармай сатып алған шаруаларға жәрдемдескен. Өңір климатына сәйкес келмейтін жанармайдың 0 градустың өзінде қатып қалатыны анықталған. Кейін Энергетика министрлігінің қатысуымен жанармай Павлодар мұнай өңдеу зауытының дизель отынына алмастырылған.

Ал облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Дәурен Тоқужиновтың айтуынша,  былтыр мемлекеттік қолдау шараларына 60,8 млрд. теңге бөлінген. Оның 20,4 миллиарды өсімдік шаруашылығына, 10 миллиарды мал шаруашылығына, 36,4 миллиарды басқа салаларға бағытталған. Биыл қаржылай қолдау көлемі 15 млрд. теңгеге артқан.

– Биылғы субсилия көлемі – 75,6 млрд. теңге. Соның ішінде өсімдік шаруашылығына бөлінген 36,5 млрд. теңгенің 17,1 миллиарды игерілген. Ал несие мен лизингтің мөлшерлемесін субсидиялау қаржысы 55, инвестициялық салымдар 48 пайызға игерілді. Ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге бөлінген 2,4 млрд. теңге 10 кәсіпорынға толықтай төленді. Алайда жалпы сомасы 1,6 млрд. теңге субсидияның кезегінде тұрғандар бар, –  деді Дәурен Тоқужинов.

Басқарма басшысы субсидия алудағы қағазбастылыққа жол бермеу үшін «Gosagro.kz», «Subsidy.plem.kz.» ақпараттық жүйелері іске қосылғанын жеткізді. Дегенмен осыған қарамастан ұзақ уақыттан бері өзіне тиесілі қаражатты ала алмай келе жатқан кәсіпкерлер бар.

Осы мәселе  сүт өнімдерін шығаратын «ЭкоМол Сергеевка» серіктестігін  де алаңдатып отыр. Кәсіпорын соңғы екі жылға тиесілі сүт өңдеу субсидиясын толық алған жоқ. Былтыр мұндағылар аталған мәселе бойынша облыс әкіміне жүгінген. Содан бері 120 млн. теңге берешектің тек жартысы ғана өтеліпті. Серіктестік директорының орынбасары Бақыт Рашитов 2023 жылдың сүт өңдеу кәсіпорындары үшін қиын кезең болғанын еске салды. Ел нарығына Ресей, Беларусь, Қырғызстаннан арзан сүттің келуінен отандық тауарөндірушілерге бәсекеге төтеп беру оңай болмаған. Тіпті кейбіреулер өнімді өзіндік құнынан төмен бағаға сата бастаған.

Жиында шаруаларды отандық тыңайтқыштармен қамтамасыз ету мәселесі де сөз болды.

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінде 2022 жылғы 20 қаңтарда тіркеліп, №KZ76VPY00045027 куәлігі берілген.

Меншік иесі:  

СҚО әкімдігінің «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС.

Яндекс.Метрика

Директор —

Ербақыт Амантайұлы

 

@2022 — Designed and Developed by qyzyljarnews.kz