Облыстық әкімдік отырысында өңірдің бірінші тоқсандағы әлеуметтік-экономикалық даму нәтижелері қорытындыланып, бюджеттің орындалуы, инвестиция тарту және кәсіпкерлікті қолдау жайы сөз болды.
Үш айдың қорытындысы бойынша бірқатар салада өсім бар. Алайда шұғыл шешілуі тиіс мәселелер де аз емес. Осыған байланысты өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов жауапты мамандарға бірқатар тапсырма бері.
– Біздің алдымызда экономикалық өсімді 7 пайызға жеткізу міндеті тұр. Осыған орай экономика басқармасына өзге де бейінді басқармалар, аудан, қала әкімдерімен бірлесіп аталған көрсеткіштің орындалуын қамтамасыз етуді тапсырамын. Әлеуметтік-экономикалық өсімнің бес айлық, екінші тоқсандық өсімі тоқтамауы тиіс. Сол үшін әкімдер экономиканы ілгерілетуге арналған қосымша резервтер іздеуі керек, – деді өңір басшысы.
Үш айдағы өсім бойынша ауыл шаруашылығы саласы алға шығып отыр. Облыс ет, сүт, жұмыртқа өндіру бойынша алдыңғы қатарда. Аталған салаға салынатын инвестиция көлемі де айтарлықтай жоғары. Алайда өндірістегі жағдай көңіл көншітпейді. Әсіресе облыс орталығындағы кәсіпорындардың көрсеткішткері кері кеткен.
– Өндіріс көлемі 162,3 млрд. теңгеге жетті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 0,2 пайызға аз. Тау-кен өнеркәсібіндегі өсім – 20 пайыз. Өңір өнеркәсібінің 80 пайызын өңдеу саласы құрайды. Бұл саладағы үшайлық өсім 0,1 пайыздың ғана шамасында, – деді облыстық экономика басқармасының басшысы Қуанышбек Қалижанов.
Бірінші тоқсанда облыстық бюджеттің кіріс жоспары 3,8 млрд. теңгеге артық орындалған. Өңір бюджетінің орындалу көрсеткіші – 99,7 пайыз. Соған қарамастан кей аудандарда қаржы игеруде артта қалушылық бар. Бұл туралы облыстық қаржы басқармасының басшысы Наталья Дышкант баяндады.
– Республикалық бюджет пен Ұлттық қордан бөлінген қаржының 354,5 млн. теңгесі игерілмей қалды. Кей аудандар қаржыны мақсатты жұмсау ісіне жүрдім-бардым қарайды. Шал ақын ауданында республикалық бюджеттен бөлінген 250,5, жергілікті бюджеттен бөлінген 17,7 млн. теңге пайдаланылмаған. Ақжар ауданында да 101,3 млн. теңге жоспарға сай жұмсалмаған, – деді ол.
Жиын соңында облыс әкімі өңірдегі су тасқынына назар аударып, былтыр суға кеткен шағынаудандардағы жұмыстар жалғасып жатқанын айтты. Олардың орнына ағаш егіліп, саябаққа айналмақ.
– Үкімет қолдауының арқасында сорғы стансасының ғимаратын қалпына келтіру, бөгеттерді бетон плиталармен нығайту жұмыстары жүзеге асып, жаңа заманауи қондырғылар мен сорғылар сатып алынды. Мұның бәріне 3,6 млрд. теңге бөлінді. Ойқала, Былғары зауыты шағынаудандарындағы суға кеткен үйлердің орнына саябақтар, спорттық нысандар салынып, көшеттер егіледі. Бұл жұмыстар мамыр айында басталады, – деді Ғауез Торсанұлы.
Өңір басшысы жиналғандарға алға қойған міндеттердің орындалуы туралы баяндап отыруды тапсырды. Сонымен қатар экономикадағы тәуекелдерді ескере отырып жоспарды пысықтау керектігін айтты.