Су тасқынының үшінші толқыны Қызылжар ауданына қарасты Тепличное ауылына үлкен қауіп төндіргендіктен, негізгі күш осы жаққа жұмылдырылып, қорғаныс бөгеттерін нығайту жұмыстары тәулік бойы тоқтаусыз атқарылуда. Бұл іске 1600-дей адам мен жүзден аса техника жұмылдырылған. Күрделі жағдай облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтің жеке бақылауына алынған.
Осында уақытпен санаспай аянбай еңбек етіп жатқан әскерилер, құтқарушылар, мемлекеттік мекемелер, кәсіпорындар, ұйымдардың қызметкерлері мен еріктілердің қатарын көмекке Ақмола, Қостанай облыстары мен Астана қаласынан келген құтқарушылар толықтырды.
700 адам тұратын Тепличное елді мекенінің тұрғындары қауіпсіз жерлерге көшіріліп, Бескөл мен Петропавлда эвакуациялық қосындар ашылды.
Су тасқынының шарықтау шегі 28-30 сәуір күндері болады деп күтілуде.
Ғауез Торсанұлы Есіл өзенінің жайылмасында орналасқан және жыл сайын тасқын су шайып кететін Заречный кентіне қайықпен барып, жағдаймен танысты. Су баспаналарға кірген жоқ. Мұнда кезекшілік тәулік бойы атқарылады. Қорғаныс бөгеттерін нығайтуға 200 адам тартылған. Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қолдау көрсетуге барлық қажетті шаралар қарастырылған. Өңір басшысы тұрғындармен кездесіп, жанқиярлық еңбектері үшін алғыс білдірді.
«Қалыптасқан жағдайдың өте күрделі екені ескеріліп, тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіру туралы шешім қабылданды. Бүгінде Копай шағынауданында екі көпқабатты үйдің құрылысы басталды, бұл үйлерге Заречныйдан көшірілетін отбасылар қоныстанады. Құрылыс жұмыстары кестеге сәйкес жүргізіліп, жыл соңына дейін адамдар жайлы баспаналарға ие болады», – деді Ғауез Торсанұлы.