Бұл күні Қызылжар аспаны адамзат тарихындағы ең қасіретті жылдардың бірі – Ұлы Отан соғысында қан кешіп, елін қорғап опат болған ерлерді жоқтағандай жас төгіп тұр. Жеңіс күні облыс орталығындағы Мәңгілік алаудың маңына жиналған жұртшылықтың жүзінен қайғымен қатар қуаныштың да белгісі байқалады. Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов бастап келген сол қанды қырғынның тірі куәгерлері, тыл ардагерлері, әскерилер мен қала тұрғындары Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойып, боздақтарды еске алды, бейбіт күннің мәңгілік болуын тіледі.
– Солтүстікқазақстандықтар Ұлы Жеңіске сүбелі үлес қосты. Қызылжардан шыққан Әбу Досмұхамбетов, Жәлел Қизатов, Ысқақ Ыбыраев, Ескендір Дәуітов, Александар Ершов сынды бастырламыздың аты аңызға айналды. Өңірден аттанған сарбаздар соғыстың шешуші ұрыстарына қатысып, бейбіт күнді жақындатуға тырысты. Әйгілі 314 дивизия жауынгерлері талай жерде ерлігімен көзге түсіп, елді мекендерді жау қолынан азат етті. Сол қиын-қыстау жылдар соғыстың тек қасірет әкелетінін, бейбітшіліктің басты құндылық екенін көрсетті, – деді Ғауез Торсанұлы.
Мәңгілік алау маңындағы еске алу шарасынан кейін жұртшылық Жеңіс саябағына жиналды. Мұнда да ескерткішке гүл шоқтары қойылып, естеліктер айтылды.
Бұл күні Орталық алаң мен Жеңіс саябағында жергілікті өнер ұжымдары концерт қойып, Жеңісті жақындатқан жауынгерлердің даңқын асырды. Жұртшылық ауа райының қолайсыздығына қарамастан алаңға жиылып, мерекелік шаралардың куәсі болды.