Демалыс маусымына дайын

Авторы: Qyzyljar News

Аққайың ауданына жасаған сапары барысында облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов балалар лагерлерінің жағдайымен танысты. Өңір басшысына демалыс орындарының дайындығы туралы баяндаған орынбасары Жүсіп Жұмағұлов тиісті жұмыстардың уақытылы аяқталғанын айтты.

– Балаларға 10 лагерь әзірленіп, оларға 128 бейнебақылау камерасы қойылды. Бақылау құрылғыларының дұрыс жұмыс істеп тұрғаны тексеріліп, олқылықтардың орны толтырылды. Қазіргі уақытта екі нысан жұмысын бастады. Қалғаны алдағы бірнеше күнде ашылады, – деді Жүсіп Рахатұлы.

Облыстық білім басқармасының басшысы Айнагүл Сұрағанова лагерьлердегі тәрбие жұмыстарына ерекше мән берілетінін айтты. Мектеп оқушылары тек демалып қана қоймай, уақытын пайдалы өткізіп, патриоттық, экологиялық, құқықтық тақырыптағы шараларға қатысады. Демалыс орындарындағы әр күнге арнайы тақырып беріліп, соның аясында балалар білім көкжиегін кеңейтеді. Сонымен қатар түрлі экспедициялар мен кездесулер өткізу де жоспарланған.

«Біз бірінші күнді қауіпсіздікке арнаймыз. Төтенше жағдай мамандары балаларға судағы, ормандағы, ойын алаңдарындағы қауіпсіздік шаралары туралы айтады. Ал полиция департаментінің өкілдері заң мен тәртіп төңірегінде әңгіме өрбітеді. Сол сияқты денсаулық пен спорт, мәдениет, туризм, ғылым күндері бар. Жұмысшы мамандықтар жылы аясында экспедициялар мен мамандық таңдау бойынша шаралар өтеді», – деді Айнагүл Сұрағанова.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып берді.

Сапар барысында облыс әкімі «Оқжетпес» лагерінде болды. 1957 жылы ашылған нысан өңірдегі ең көне демалыс орындарының бірі саналады. Былтыр оны күрделі жөндеу үшін 20 млн. теңге қаражат бөлінген. Бұл қаржыға инфрақұрылым түгел жаңартылып, жаздың алғашқы күндері «Оқжетпеске» 100 бала келіп жайғасқан.

«Бір маусым 10 күнге созылады. Биыл 6 маусым өткізуді жоспарлап отырмыз. Осылайша мұнда 600 бала демалады. Өткен жылдары 350 бала қабылдап келсек, жөндеу жұмыстарының арқасында келушілер саны артқан. Мамлют, Тимирязев аудандарының оқушылары да осында орналаспақ», – дейді аудандық білім бөлімінің басшысы Сайрамбек Жақыпов.

Облыс әкімі лагерді аралап көріп, жатын бөлмелер, медициналық пункт, этно-аумақпен танысты. Сонымен қатар демалушы оқушылармен және жетекшілермен кездесу өткізді.

– Бүгінде мемлекет балалардың жан-жақты дамуы үшін бар жағдайды жасауда. Ұл-қыздардың демалысы жақсы өтіп, кейінгі буын білім нәрімен сусындап, ғылымға ынтық болып, таңдаған саласының майталманы атанса екен деп тілеймін. Балалардың бүгін айтылған барлық тілегі орындалып, еліміз жастармен бірге өркендей берсін, – деді Ғауез Торсанұлы.

Биыл өңірде 64 мың оқушыны демалыс іс-шараларымен қамту жоспарланған. Облыс аумағында жұмысын бастаған 10 лагерьде 6 мың бала демалады.

Диана ЫБЫРАЕВА.

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінде 2022 жылғы 20 қаңтарда тіркеліп, №KZ76VPY00045027 куәлігі берілген.

Меншік иесі:  

СҚО әкімдігінің «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС.

Яндекс.Метрика

Директор —

Ербақыт Амантайұлы

 

@2022 — Designed and Developed by qyzyljarnews.kz