Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының басқарма төрайымы Ләззат Шыңғысбаевамен жүздесті. Кездесуде солтүстікқазақстандықтардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды.
Қор денсаулық сақтау, білім беру, спорт және әлеуметтік қолдау салаларындағы басым міндеттерді шешуде айтарлықтай қолдау көрсетіп келеді. Жуырда онкологиялық орталықта облыстағы алғашқы желілік үдеткіш іске қосылды. Балалар ауруханасында оңалту орталығы ашылды. 13 тірек мектеп заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілді. Оған қоса, үш спорт зал мен балабақша салынбақ.
— Су тасқынынан зардап шеккен азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету үшін Петропавл қаласында құны шамамен 3 млрд. теңге болатын 100 тұрғын үй құрылысы қаржыландырылды. Сонымен қатар қор тағы 100 үйдің құрылысын қаржыландыру кезінде оператор ретінде әрекет етті. Спорт залдарын жабдықтаудан бөлек, әлеуметтік нысандар салу бағдарламасы да жүзеге асырылды. Биыл облысымызда 3 залдың құрылысы жоспарланған. Бұл жобалар өңірдің тұрақты дамуына зор үлес қосуда. Біз «Қазақстан халқына» қорымен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істеп, өңіріміз үшін маңызды жобаларды жүзеге асыруды жалғастырамыз, – деді өңір басшысы.
Қордың басқарма төрайымы Ләззат Шыңғысбаева жиналған қаражат есебінен өңірлердегі жобаларды жүзеге асырып, нақты адамдарға атаулы көмек беруге баса назар аударылатынын атап өтті.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.