Өңір диқандары ауа райының қолайсыздығына қарамастан маңызды науқанды дер кезінде аяқтады. Биыл жалпы аумағы 4,4 млн. гектар алқапқа дән сіңірілді. Оның 3,3 млн. гектарына дәнді дақыл, 760 мың гектарына майлы дақыл, 392 мың гектарға жемазық дақылдары себілсе, қалған 10 мың гектарға жуығына картоп пен көкөніс отырғызылған.
Қызылжар ауданында 300-ден астам ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші бар. Егістік алқабы – 203 мың га, соның 150 мың гектарына дәнді дақыл егіледі. Биыл ауданда тұқым 11,2 пайызға жаңартылды. Техникалық база да нығайған. 1100 ауыл шаруашылығы техникасы болса, соның 105-і – заманауи егіс кешендері. Сонымен қатар ауданда 8 мың гектар аумақта жоңышқа өсіріледі. Биыл мал азығын өңдейтін зауыт салынбақ. Нәтижесінде жаңадан 15 жұмыс орны ашылады. Бұл – Қазақстандағы осындай екінші кәсіпорын.
«Кең дала» бағдарламасы бойынша Қызылжар ауданының аграршыларына 92 млрд. теңге бөлінген, оның 37 млрд. теңгесі әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы берілген. Игерілген сома 100 млрд. теңгеден асады.
Мәселен, «Большемалышенское» серіктестігінің иелігінде 1,3 мың гектар егіс алқабы бар. Биылғы көктем жылдағыдан ерте келгендіктен, серіктестік еңбеккерлері де дала жұмыстарына сәуір айының ортасынан кіріскен. Дер кезінде себілген дән қазір көктеп жатыр.
«Мемлекет тарапынан көрсетілетін көмекті уақытылы алып жатырмыз. Былтырғы қаржыландыру толық игерілді Ал биылғы қаржыландыру «Даму» бағдарламасы бойынша 3 пайыздық жылдық үстемеақымен «Есіл» несиелік серіктестігі арқылы жүзеге асырылды.Тағы бір айта кететін жағдай, ақпан айында жүргізілген ерте қаржыландыру қолдағы өнімдерімізді көктемге дейін сақтап, қолайлы бағамен сатуға мүкіндік берді. Күзгі орақ науқанында да көңілге қонымды баға болса деген тілегіміз бар», – дейді шаруашылық басшысы Ерғали Ғабдулин.
Серіктестік егіншілікпен қатар мал шаруашылығын да дамытып отыр. Қазір мұнда 300 сауын сиыр бар. Олар күніне екі мезгіл сауылып, облыс орталығындағы сүт зауытына күніне 1,5 тонна өнім өткізіледі. Әртараптандыру аясында биыл жемазық егілетін аумақ ұлғайған. Себебі биыл мал басы көбеймек.
–Президенттің тапсырмасымен аграрлық саланы дамытуда бірқатар бағдарлама қолға алынған. Солардың бірі – өткен жылдың қарашасынан іске қосылған «Кең дала-1», «Кең дала-2» қаржыландыру бағдарламалары. Осы арқылы биыл аталмыш саланы қаржыландыру 2,5 пайызға артып отыр. Өткен жылғы көктемгі егіс науқанын қаржыландыру 36,6 милиард теңгені құраса, биыл бұл сома 92,6 миллиард теңгеге жетті. Шаруалардың несиені қайтару уақыты 12 айдан 16 айға дейін ұзартылды. Бұл да диқандардың өз өнімдерін асықпай жақсы бағаға сатуларына мол мүмкіндік береді, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Дәурен Тоққужинов.
Сондай-ақ «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы жылдық 5 пайыздық үстемеақы арқылы ауыл шаруашылығына қажетті кез келген техниканы алуға болады. Жыл басынан өңір агроқұрылымдары жалпы құны 14 миллиард теңгеден асатын қаржыға машина-трактор паркін 442 заманауи техникамен толықтырды.