«Қазгидромет» мамандары биылдан бастап «Береке» ықшам ауданында ауаның құрамын тексеруді қолға алмақ, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Ауаның ластануы Қазақстанның бар қаласына тән мәселе. Жыл сайын зәулім үйлер тұрғызылып, көлік саны да артып келеді. Береке ықшам ауданында да соңғы жылдары құрылыс қарқын алды. Әрі бұл ауданда өнеркәсіп нысандары орналасқан. Сондықтан мамандар тоқсан сайын ауаның құрамын зерттеп, көміртегі оксиді, азот диоксиді, күкірт диоксиді, шаң, фенол, формальдегид, күкіртсутек сияқты зиянды заттардың концентрациясын анықтамақ.
Петропавлда атмосфералық ауаның сапасын бақылайтын төрт стационарлық пункт орналасқан. Олардан алынған ақпаратты Air KZ мобильдік қосымшасынан көруге болады.