Қазақстанның бәсекелестікті қорғау агенттігі мен Бас прокуратура бірлесіп жүргізген тергеу жұмыстарының аралық қорытындысы белгілі болды. Нәтижесінде, бүгінде 193 автомобильге газ құю станциясына қатысты тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде 89-ы Бас прокуратурамен бірлесіп атқарылып жатыр, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Тексеру жұмыстары аясында өзара ымыраласып әркекет еткен 44 нысанды анықтады.
-Сондай-ақ қазіргі кезде прокуратура органдарының ұсыныстары негізінде Ақмола, Қызылорда және Қостанай облыстары мен Шымкент қаласы бойынша аумақтық монополияға қарсы департаменттер 32 нарық субъектісіне қатысты әкімшілік іс қозғады, материалдар сотқа жіберілді, — деп хабарлады агенттік өкілдері.
Нұр-Сұлтан мен Солтүстік Қазақстан облысы бойынша аумақтық монополияға қарсы департаменттер 7 нарық субъектісіне қатысты материалдарды қылмыстық құқық бұзушылық белгілерін қарау үшін Экономикалық тергеу департаментіне жіберді. Сондай-ақ, Атырау облысында жуық арада 2 нарық субъектісі бойынша әкімшілік іс қозғалмақ.
Мамандардың мәліметінше, өзге де нарық субъектілеріне қатысты бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманы бұзушылық белгілерін анықтау бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Еске сала кетсек, ақпанның 5-і күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне автомобильге газ құю станцияларына қатысты тергеу жүргізуді тапсырған болатын.