«Бастау бизнес» жобасы арқылы тұрғындарға қаржылай көмек көрсету тәртібіне өзгерістер енгізілді. Биылдан бастап жеке ісін ашқысы келетін азаматтарға берілетін мемлекеттік грантқа халықтың 2 категориясы ғана ие бола алады, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Осы уақытқа дейін «Бастау Бизнес» жобасы негізінде берілетін қаржылай қолдауды кез-келген адам ала алатын. Енді ереже өзгертілді. Үстіміздегі жылы кәсіппен айналысамын дегендердің тек санаулыларына ғана грант берілмек.
-Биыл мемлекет тарапынан берілетін қаржылай қолдауды 29 жасқа дейінгі қыз-жігіттер мен халықтың әлеуметтік осал топтары ғана ала алады. Өзге жандарға бұрынғыдай кәсіптің қыр-сырын оқып, үйренулеріне рұқсат. Алайда, грантқа үміткерлік танытуға мүмкіндік жоқ,-дейді СҚО кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Әсел Самаратова.
Осы орайда қоса кетейік, «Бастау Бизнес» жобасын тамамдаған шәкірттерге жылдық 6% мөлшерлемемен жеңілдетілген несие беріледі. Оған қол жеткізу үшін оқыту курсынан өткенін растайтын сертификат болу қажет. Сондай-ақ, салық жөнінде қарызы болмағаны маңызды.