Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаттары Ерлік Тайжанов пен Дмитрий Колода өңірдегі кездесулерін жалғастыруда. Олар бүгін Солтүстік фанер комбинатына барып, кәсіпорынның жұмысымен танысты, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Аталған кәсіпорын жергілікті кәсіпкерлік палатасына бірнеше мәселе бойынша көмек сұрап жүгінген. Проблеманың шешілуі инвестордың әрі қарай сапалы жұмыс істеуіне тікелей әсеретеді.
Кәсіпкерлік палатасы директорының сөзінше, инвестор өндіріс үшін шамамен 10 млн доллар жұмсауды көздеп отыр. Алайда, орман пайдаланушылардың арасындағы тендердің толыққанды жүргізімеуі істі тежейді. Ақыр соңында, қажетті шикізатты шетелден сатып алуға тура келеді. Комбинат қызметкерлерін алаңдатқан тағы бір мәселе бар. Кәсіпорын орман пайдаланушылармен келісілген шикізатты әлі ала алмай отыр екен. Бүгінге дейін 18 мың тоннаның жартысы ғана жеткізіліпті.
-Зауыттың толық қуатында жұмыс істеуі үшін жергілікті жеткізушілер қажетті шикізатпен қамтамасыз ете алмайды. Сол себепті, материалдарды Ресейден әкелу керек. Бұл сұрақты бақылауымызда ұстайтын боламыз. Жергілікті атқарушы органдармен мәселенің шешімін қарастырамыз,-деді Дмитрий Колода.