Дүйсенбі күні республика жолдарында «Автобус» жедел-алдын алу шаралары басталды. Басты мақсат – жүргізушілер мен жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, тасжолда орын алатын апаттардың алдын алу, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Екі күн ішінде-ақ облыста жолда жүру ережелерін бұзудың 128 фактісі тіркелген. Оның 35-інде жүргізушілер рөлде телефонмен сөйлескен, 19-ы маневр жасау тәртібін бұзуға байланысты, 9-ы техникалық тексерістен өтпеген автомобиль тізгіндеген. Сонымен қатар, масаң күйде көлік рөліне отырған бір жүргізуші ұсталды.
-Жедел-алдын алу іс-шарасының басты мақсаты – заң бұзушылықтардың санын анықтау емес, керісінше әртүрлі бағыттарда жүріп-тұратын автобус, такси және басқа да көлік иелері мен жолаушылардың қауіпсіздігін қадағалау,-деді СҚО ПД бастығының бірінші орынбасары Қанат Айтпаев.
Айта кетейік, ағымдағы жылдың қаңтарында облыс аумағында 15 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Салдарынан, 6 адам қаза тауып, 20-сы түрлі жарақат алды. «Автобус» жедел-алдын алу іс-шарасы наурыздың 2-сіне дейін жалғасады.