Петропавл ауыр машина жасау зауытының 700 қызметкері жалақыларына зар болып жүр, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Кәсіпорынның жұмысшыларына еңбекақы бойынша қарызы 86 млн теңгеден асып кеткен. Заңды ақшасына қолы жетпеген қызметкерлер мекеме басшысының жұмыстан шығуын талап етіп жатыр. Өйткені соңғы кездері берілетін жалақының мөлшері бұрынғыдан да азайған.
-Біз ешқайда шағымданған жоқпыз. Директор құзырлы органдарға арыз жазсақ, айыппұл салынатынын, жағдай ушыға түсетінін ескертті. Қазір зауытты жабылып қалудан мемлекет қолдауы ғана құтқарады деп ойлаймын. Тығырықтан шығар басқа жол көріп тұрған жоқпын,-дейді зауыт жұмысшысы Болат Бегәлімов.
Орын алған мәселені кәсіпорын басшылығы былай деп түсіндірді: осыдан 2 жыл бұрын Германиядан алынған қондырғылар әлі іске қосылмаған. Аппараттарды іске жарату үшін шетелден мамандарды әкелу керек. Пандемияның салдарынан бұған мүмкіндік болмай тұр. Ол аздай, қазір мұнай өндіруші компаниялар тарапынан түсетін сұраныс күрт төмендеп кетті. Осының салдарынан, қаражат тапшылығы туындаған.
-Кәсіпорында жоспарланған тендер уақытылы өтпей қалды. Осыдан жалақы қарызы пайда болды. Жуырда мәселе шешіледі. 500 млн теңгеге келісімшарт жасалды. Мамыр айына дейін жалақы бойынша қарыз өтеледі,-дейді «Петропавл ауыр машина жасау зауыты» АҚ баспасөз хатшысы Елена Стадник.