Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің бұйрығымен халықтың әлеуметтік осал топтарына жалға алынған тұрғын үй үшін азаматтардың жекелеген санаттарына төлемдер тағайындау және жүзеге асыру қағидалары бекітілді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Төлемдер жеке меншік үй жалдайтын жекелеген отбасыларға бюджет қаражаты есебінен өтеусіз берілетін мемлекеттік қолдау түрі болып табылады. Баспана үшін төлейтін ақшаның 50% -ы бюджеттен беріледі, қалған 50% -ын адамдардың өздері төлейді. Коммуналдық төлемдер үшін қаражат берілмейді.
Мемлекеттік қолдауды 4 санатқа жататын азаматтар ғана ала алады:
1. 1 және 2 топтағы мүгедектер;
2. Мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар;
3. Жетім балалар;
4. Көпбалалы отбасылар.
Қаржылай көмек алу үшін отбасының табысы соңғы 6 айдағы жиынтық табысының мөлшері әрбір мүшесіне ең төменгі күнкөріс деңгейінің бірыңғай шамасынан аспауы тиіс, яғни айына 36 018 теңге.
Сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үйде тұратын кезекте тұрғандар бұл бағдарламаға қатыстырылмайды.