Наурыз айынан бастап қазақстандықтарды бірқатар өзгерістер күтіп тұр, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Бүгін, яғни 1-наурыздан бастап мобильді төлемдерге қатысты жаңашылдықтар күшіне енеді. Енді кәсіпкерлерге бизнестен түсетін пайда мен өз есепшотына аударылатын ақшаны араластыруға болмайды. Бизнесмендер мобильді төлем бойынша қаржыға қол жеткізу үшін жеке шот ашуы тиіс. Сондықтан, мобильді төлем ұғымы енгізіліп отыр. Дегенмен, бұл өзгерістің қарапайым тұрғындарға еш қатысы жоқ. Олар бұрынғыша бір-біріне ақша жібере алады. Мобильді төлемдер арқылы ел азаматтары тауарлар мен қызметтер ақысын төлейді.
Наурыздың бірінен бастап елімізде «салық төлеушінің паспорты» пайда болады. Ол қоғамдық тамақтану және сауда саласында қызмет көрсететін кәсіпкерлер үшін керек. Құжат QR-код түрінде жасалады. Ол дәмхана және дүкендерде бақылау-касса аппараттары тұрған жерге орналастырылады.
Паспортта төмендегі деректер көрсетіледі:
-ЖСН/БСН;
-жеке кәсіпкердің немесе заңды тұлға басшысының аты-жөні;
-салық төлеушінің мәртебесі;
-тiркеу есебiне қойылған күні;
-бақылау-касса машинасының салық органындағы тіркеу нөмірі;
-алкоголь өнімін сақтауға және бөлшек саудада өткізуге арналған лицензияның болуы немесе болмауы.
«Салық төлеушінің паспорты» айына бір рет жаңартылып отырады.