СҚО полицейлері жолда қалған Грузия мен Қырғызстан азаматтарына көмек көрсетті, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Нұр-Сұлтан қаласынан Солтүстік Қазақстан облысы арқылы өтіп бара жатқан грузиялық жүргізуші Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда көлік тізгініне ие бола алмай, жолдан шығып кетіпті.
— Оқиға орнына келіп жеткен патрульдік полиция батальонының қызметкерлері тез арада қажетті көмекті ұйымдастырды. Төтенше жағдай қызметкерлерімен бірге ауыр жүк көлігін сүйреп шығарды, деп хабарлады полиция департаментінің баспасөз қызметі.
18 ақпан күні Қырғызстан азаматы Челябі-Новосібір тас жолының Мамлют ауданындағы Белое ауылы маңындағы учаскесінде дәл осындай жағдайға тап болған. Бішкектен алма әкеле жатқан жүргізушіге патрульдік полиция қызметкерлері көмектесіп, көлігін жолға салып жіберді.
Жалпы қыстың соңғы айында облыс полицейлері жолда тоқтап қалған 10 көліктің жүргізушісіне көмек қолдарын созды.