Солтүстік Қазақстан ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында өңірде қой шаруашылығын дамыту мәселелеріне арналған жиын өтті, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Мейрам Меңдібаевтың айтуынша, қазіргі күні өңірде 430 мың қой бар. Алдағы 10 жылда олардың санын 1,6 миллионға жеткізу жоспарлануда.
– Өткен жылы өңірдегі шаруашылықтар 13 мың қой сатып алды. Биыл да агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен қаржы бөлінеді. 10 мың қой сатып алуға бағытталған 4 ірі инвестициялық жоба іске асырылады, – деді Мейрам Меңдібаев.
Қазіргі күні қой сатып алуға және асылдандыруға субсидия бөлінеді. Оны әрбір шаруа пайдалана алады.
Жиын соңында Солтүстік Қазақстан облысының қой өсірушілері қауымдастығы құрылды.