TopPress.kz ақпарат порталы облыс әкімдерін бағалау рейтингісінің қорытындысын жариялады. Өңір жетекшісі Құмар Ақсақалов 71% көрсеткішпен 7-орынға табан тіреді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Үздік облыс басшысын анықтауда БАҚ өкілдерінің бағалауы, респонденттердің анонимді пікірі, сарапшылар мен тұрғындардың әлеуметтік желіде жазған хаттары ескерілді.
Әкімдер арасындағы рейтингте 86% дауыс жинаған ШҚО әкімі Даниал Ахметов көш бастады. Екінші сатыға 85 %-бен Қостанай облысының басшысы Архимед Мұхамбетов жайғасты. Үшінші орын Ақмола өңірінің жетекшісі Ермек Маржикпаевқа (81,6%) бұйырды.
Ал Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов 71%-дық көрсеткішпен 7-орында.
-Рейтингті құрастыру кезінде СҚО әкімі Құмар Ақсақалов жұмыс сапарымен аудандарға барып, аграрийлерді ауылдарды дамытуға міндеттейтін меморандум жасасты. Негізінен құжат елді мекендерде әлеуметтік нысандардың құрылысын жүргізу, тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз етіп, инфрақұрылымды жаңартуға қатысты,- деп рейтинг авторлары пікір білдірген.
Өңір басшысының дауыс жинауына өткен айлардағы бір көзден сатып алу үлесін 32-ден 17% — ға дейін төмендетуі де септігін тигізген. Атап айтсақ, СҚО бюджеті 12 миллиард теңге үнемдеп, ол қаражат өңірді дамытуға бағытталатын болады. Алайда, Петропавл әкімдігінде тікелей келісім жасау үлесі, керісінше артқан.
Кейбір респонденттер Құмар Ақсақаловтың 93 ауылды автобуспен қамтамасыз ету жоспарын жоғары бағалаған. Сондай-ақ, 2022 жылы өңірдің көптеген автожол учаскелерін жөндеу басталады. Бұл да өңір басшысының жұмысын бағалауда оң әсер еткен.
Жалпы, респондеттер Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің жұмысын 73%-ға, БАҚ өкілдері — 71%, желі қолданушылары 69%-ға бағалаған.