Петропавл тұрғыны телефонына белгісіз қосымшаны жүктеп, 5 млн теңгесінен айырылды, – деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Аққайың ауданындағы туысына қонаққа барған 28 жастағы Петропавл тұрғыны өз телефонына белгісіз қосымшаны орнатып, желі алаяқтарының құрбанына айналды. “Банктен түскен қоңырау” схемасы арқылы арбауға түскені анықталды. Қылмыскер жәбірленушіге қоңырау шалып, оның атына біреудің несие рәсімдеп жатқанын айтып, телефонына AnyDesk бағдарламасын жүктеуге кеңес берген. Алаяқтың нұсқауы бойынша барлық айтқандарын орындаған әйел банктен қашықтан 5 млн теңгеге несие рәсімдеген. Оған бөтен адамдар мазаламауы үшін несиелік лимитті таңдау қажет екендігін, келген sms кодтарды өзіне жолдау маңызды еместігін айтқан. Несие сомасы шотынан жоқ болғанын көргесін барып қана алаяқтың құрығына түскенін түсініп, полицияға жүгінеді.
– Әдетте желілік аферистердің басты мақсаты – жәбірленушінің шоттарына қол жеткізетін кодтар мен құпия сөздерді біліп алу. Егер жәбірленушінің телефонына қашықтан қол жеткізетін қосымша жүктелген болса, алаяқтың арам ойын іске асыруына еш қиындық тудырмайды. AnyDesk — кең тараған бағдарламалардың бірі. Басқа қолданушының телефоныңызды басқаруына толық мүмкіндік береді, келетін sms-хабарламалар қылмыскерлерге бірден белгілі болады, – дейді Аққайың ауданы ПБ бастығы Руслан Сапаров.
Полицейлер адамдарды “банктен түскен қоңырауларға” сенбеуге және белгісіз қосымшаларды жүктемеуге кеңес береді.