Метеорологтар Солтүстік Қазақстан облысындағы аудандарда топырақтың қату тереңдігін өлшеді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
«Қазгидромет» өкілдерінің мәліметінше, Чкалово ауылындағы метеостанцияда топырақ қабатының ең терең деңгейі тіркелді, мұнда жер қыртысы 163 сантиметрге дейін қатқан.
Ал Пресновка ауылындағы бақылау пунктіндегі көрсеткіш 150 сантиметрден асады. Тайынша қаласы мен Рузаевка ауылындағы метеостанциядағы көрсеткіш те осы шамада.
-Тайынша ауданы мен Талшық ауылындағы бақылау пункттерінде топырақтың қатуына белгілі бір себептер бар. Атап айтсақ, ол өңірде қар жұқа түскен. Өлшеу нәтижелерінің соңғы көрсеткіші бойынша бұл аудандардағы қардың орташа қалыңдығы 8-ден 14 сантиметрге дейін өзгеріп тұрады. Өңірдің қалған аумағы бойынша орташа қалыңдық 19 бен 39 см аралығында, — деп хабарлады «Қазгидромет» мамандары.