Қызметтік міндеттерін тиісінше орындамағаны және бақылау жасамағаны үшін қалалық халықты жұмыспен қамту орталығының қызметін үйлестіретін қала әкімінің орынбасары тәртіптік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
СҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметінің превенция басқармасының басшысы Дамир Хабибулин қызметтік тұрғын үйді бөлу жөніндегі тұрғын үй комиссиясының отырыстары жүрдім-бардым өткізіліп келгенін мәлімдеді.
— Үміткерлердің жалға берілетін тұрғын үйді алуға өтініштері тіркелмеген. Яғни, қажетті журналдың жүргізілмегені анықталды. Ал пәтер кілттері болса, тікелей директордың бақылауында болған. Тиісінше, баспананы кімге беру қажеттігін де сол адам шешіп отырған,-деді Дамир Хабибулин.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамаға сәйкес пәтер берудің ашықтығы мен объективтілігін қамтамасыз ету мақсатында тұрғын үйді бөлу жөніндегі комиссияның құрамына жұртшылықты қоса отырып қайта қарау, бизнес процесті цифрландыру, сондай-ақ отырыстардың онлайн-трансляциясын жүзеге асыру ұсынылды. Сонымен қатар, қызметтік міндеттерін тиісінше орындамағаны және ведомстволық бақылауды жүргізбегені үшін қала әкімінің осы салаға жауапты орынбасары тәртіптік жауапкершілікке тартылды.