Шетелдік жүк тасымалдаушылардың Ресей порттарына кіруден бас тартуы солтүстікқазақстандық бизнеске кесірін тигізуі мүмкін

Авторы: Qyzyljar News

Облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың қатысуымен дағдарысқа қарсы жедел штаб отырысы өтті. Кездесуде солтүстікқазақстандық кәсіпкерлер әлемде қалыптасқан жағдайға байланысты бизнес саласында туындап жатқан мәселелер жайлы баяндады, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.

Соңғы уақытта Еуропа елдері Ресейге көптеген санкция салғаны мәлім. Жергілікті кәсіпкерлерді алаңдататыны да осы. Өйткені қажетті тауарлардың біразы бізге өзге елдерден жеткізіледі.

-Қазіргі уақытта жалпы Қазақстан бойынша бизнес саласында, логистикалық тізбектер мен тауар жеткізушілердің жұмысына, валютаның құлдырауына байланысты проблемалар туындап отыр. Осы аталғандардың барлығы өнім, шикізат бағасының өсуіне әсер етіп, тауарлар мен қызметтер үшін төлем жасауда қиындықтар туғызуда. Ең сорақысы – қос тарап арасында жасалған келісім-шарттар орындалмай қалуы мүмкін,-деді өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Әлібек Әшметов.

«Kametex» ЖШС америкалық және канадалық егін себуге арналған көліктер мен ауылшаруашылығы техникаларына керекті бөлшектерді сатып алумен айналысады. Кәсіпорын директоры Руслан Хасеновтің айтуынша, логистика төңірегінде әзірге ешқандай мәселе туындап отырған жоқ. Алайда бұған ешкім кепілдік бермейді. Руслан Хасенов проблемалар шығып жатса, жүк тасылмалының баламалы жолын қарастыру қажет екенін алға тартты.

Бұған дейін қажетті тауарлар Санкт-Петербург арқылы тасымалданған. Қазір ол жақ жабық. Сондықтан жүк Беларусь арқылы келеді. Онда да қиындықтар пайда болып жатса, ауыл шаруашылығына қажетті техниканы Түркиядан ғана алдыртуға тура келеді. Одан басқа амал жоқ.

Ал Петропавл электротехникалық зауыты трансформатор жасауға қажетті қондырғыларды ала алмай отыр. Себебі тауар Италиядан жеткізілуі тиіс еді.

— Ресейге салынған санкциялардың салдарынан тауар шет мемлекеттен шықпай тұр. Әлі ұзақ күту қажет, кезек көп. Мәселен, Литва өз елі арқылы Ресейге тауар жеткізуге шектеу қойды. Егер санкциялар Беларусь мемлекетіне де қарсы қолданылатын болса, біз тауарды мүлдем ала алмай қаламыз. Өйткені аталған тауарды Украина мен Беларусьтен басқа жеткізетін мемлекет жоқ. Тек Каспий теңізі арқылы болмаса, — дейді Петропавл электротехникалық зауыты ЖШС директоры Мақсат Үсенбаев.

Орын алған жағдай құрылыс саласына да кері әсерін тигізуде. Кәсіпкерлердің айтуынша, материалдардың бағасы 15-20%-ға қымбаттап кеткен. Ресейден сатып алынатын пластик панельдердің жетіспеушілігі сезіле бастады. Тауарөндірушілер керекті заттарды Еуропа мен АҚШ-тан алдыртады. Салынған санкцияларға байланысты бұл да тоқтауы әбден мүмкін.

-Мән-жайды жан-жақты қарастырып,өңірлік баға индексін әзірлеу қажет. Қазіргі жағдайда бағаларды қайта қарау механизмі керек болып тұр. Яғни көрсетілген құн тауарға сай болуы қажет,- дейді «Барс Nord» ЖШС-ның директоры Ольга Исакова.

Отырыс соңында бизнес саласы өкілдерімен кездесу аптасына 1 рет өткізіліп тұратыны айтылды. Ал қозғалған барлық мәселелер бойынша ұсыныстар Үкімет деңгейінде шешу үшін республикалық жедел штабқа жіберілетін болады.

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінде 2022 жылғы 20 қаңтарда тіркеліп, №KZ76VPY00045027 куәлігі берілген.

Меншік иесі:  

СҚО әкімдігінің «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС.

Яндекс.Метрика

Директор —

Ербақыт Амантайұлы

Сайттың бас редакторы —

Марат Шынтеміров, 

333marat@rambler.ru

@2022 — Designed and Developed by qyzyljarnews.kz