Үкімет отырысында қазақстандық диқандар көктемгі және күзгі дала жұмыстары кезінде қандай қолдауға ие болатыны айтылды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Биыл бұл мақсатқа 220 миллиард теңге бөлінеді, былтырғы жылмен салыстырғанда 2 есеге көп. Сондай-ақ минералды тыңайтқыштар мен пестицидтер сатып алғандарға 50 пайыздық мөлшерде демеуқаржы сақталады. Бұған қоса техниканы жаңарту үшін алынған несие мен лизингті инвестициялық субсидиялау және пайыздық үстемені субсидиялау мөлшері ұлғаяды.
Былтырғыдай жемшөп тапшылығы болмау үшін «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» форвардтық сатып алу аясында шаруашылықтарды жемшөп дайындауға ынталадыруы керек. Үкімет басшысы бұл бағытта мемлекеттік органдарға бірнеше нақты тапсырма жүктеді.
— Ауыл шаруашылығы министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, әлеуметтік маңызы бар дақылдар мен жемшөпті жеткілікті көлемде егуді қамтамасыз етсін. Өткен жылы еліміздің кейбір аймақтарында жемшөппен қамтамасыз ету бойынша проблемалар болғанын білеміз. Биыл бұл жағдай қайталанбауы тиіс. Сондықтан «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» өзінің форвардтық сатып алуы аясында шаруашылықтарды осы жұмысқа ынталандыруы керек, — деді Әлихан Смайылов.