Жыл басынан бері СҚО аумағында интернет-алаяқтықтың 100-ден астам фактісі тіркелді. Оның 31-інде алаяқтар өздерін банк қызметкері ретінде таныстырып, арам ойларын іске асырған, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Көп жағдайда олар азаматтарға қоңырау шалып, өздерін «Халық» және «Каспи» банктерінің қызметкері ретінде таныстырады. Осылайша тұрғындардың сеніміне кіріп, айтқандарына көндіреді.
Осыған орай тәртіп сақшылары прокурорлармен бірге қаладағы ірі сауда үйінде тұрғындармен кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Мамандар кездесу барысында алаяқтардың қолданатын әдіс-тәсілдері мен олардан сақтану жолдарын айтты.
Солтүстік Қазақстан облыстық полиция департаментінің бастығы Айдын Қабдұлдинов Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес интернет-алаяқтықпен күрес қатаң бақылауға алынғанын атап өтті.