Қазіргі күні тұрақтандыру қорында 500 тонна қант бар, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы мамандарының айтуынша, бағаны тұрақтандыру үшін 2021 жылы қаржыландыру 800 млн. теңгеден 1,9 млрд. теңгеге дейін ұлғайтылды. Осыған байланысты әлеуметтік маңызы бар тауарларды сатып алу да 1,5 есеге артты.
Олардың арасында қант та бар.
-Өңірдегі сауда орындарында айына 82 тонна қант сатылады. 500 тоннасы қоймада, көтерме саудамен айналысатын жергілікті кәсіпкер жуырда 202 тонна сатып алды. Жақын күндері жеткізіледі. Осыны есепке алсақ, қант қыркүйекке дейін жетеді, деді облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Данияр Исаев.
Оның айтуынша тұрғындар алыпқашпа әңгімеге еруінің салдарынан 10-12 наурызда 30 тонна қант сатып алған. Ал бұрындары тәулігіне 1 тонна ғана өтетін.