Солтүстікқазақстандық полицейлер «ВКонтакте» әлеуметтік желісінде қыздың атынан жалған парақша ашып, жас жігіттерді алдап, қарызға ақша сұраған 16 жастағы ұл баланы қолға түсірді. Пысықай алдымен жәбірленушілермен танысып, хат алмасып жүрген. Кейін берешекке ақша сұрап отырған. Алайда қарызын қайтаруға асықпаған, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Полиция департаменті өкілдерінің мәліметінше, алаяқ парақшаға бөгде адамдардың фотосуреттерін қойып, ойына келген есімді жаза салған.
Қызбен танысамын деп сан соғып қалған бірнеше тұрғын тәртіп сақшыларына жүгінді. Дені – жастар. Мамандар дереу іздеу шараларына кірісіп, 16 жастағы мектеп оқушысын анықтады. Айлакер ата-анасының кепілдігімен босатылды. Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 190-бабы 2-бөлігі «Алаяқтық» бабымен іс қозғалды. Келтірілген шығын көлемі 13 мың мен 316 мың теңге аралығында.
– Ғаламтор желісінде барынша сақ болуларыңызды сұраймыз. Киберқылмыскерлер адамдардың интернет желісіндегі парақшаларының көшірмесін айнытпай жасап, таныстарынан белгілі бір себептерді сылтау етіп, ақша сұрайтын кездер де болады. Ондай хабарламалар келіп жатса, алдымен анық-қанығына көз жеткізіп алып, содан кейін ғана әрекет ету қажет. Сонымен қатар, интернетте тауар сатып алу кезінде алдын ала төлем жасамаған абзал, – дейді Петропавл қалалық полиция басқармасы криминалдық полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Дархан Зияфиддин.