Көші-қон туралы заңды бұзған 20 шетел азаматы 6 күн ішінде ел аумағынан шығарылды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Облысқа жұмысқа келгендердің басым бөлігі Орта Азия елдерінің азаматтары. Тәртіп сақшылары Өзбекстан, Тәжікстан және Әзірбайжан азаматтарына тек жеке тұлғаларда еңбек етуге орналасауға болатынын және еңбек көші-қонның саны бір жұмыс берушіде 5-ден аспауы тиіс екендігін ұдайы еске салады. Алайда кейбір жұмыс берушілер заңнаманың аталған нормасын елемейді. Мәселен, Ақжар ауданындағы фермерлік шаруашылықтардың бірінің иесі тиісті рұқсатсыз Өзбек елінің 14 азаматын жұмысқа алған. Қазақстан Республикасы аумағында болу ережелерін бұзғаны үшін оларға қатысты әкімшілік материал жиналды.
-Облыс аумағында «Мигрант» іс-шарасы наурыздың 10-17 аралығында өткізілуде.Тексерістер шаруашылықтарда, құрылыс алаңдарында, базарларда және өзге мемлекет азаматтары жұмысқа жиі орналасады деген орындарда күшейтілді. Көші-қон легіне бақылау жасау – құқықтық тәтіпті нығайту бойынша жұмыстың маңызды векторы,- дейді облыстық аолиция департаменті, көші-қон қызметі басқармасының бастығы Талғат Әбілов.
6 күні ішінде шетел еңбек күшін заңсыз тартқаны үшін 18 қазақстандық жауапкершілікке тартылды. Қазақстан аумағында болу тәртібін бұзғаны үшін 201 шетелдік, оның ішінде алыс шет елден келген 13 адамға қатысты іс қозғалды. Мысалы, Түркия елінің 8 тұрғыны тиісті мерзімнің өтіп кетуіне қарамастан, ел аумағынан шығуға асықпаған. Сот шешімі бойынша Қазақстан Республикасының көші-қон заңнамасын бірнеше рет бұзғаны үшін 20 шетелдік елімізден шығарылды.