Ербол Хамитов: «Бапкерім мылтықты несиеге алып берді»

Авторы: Qyzyljar News

Қытай астанасы Бейжіңде өткен Паралимпиада ойындарына қатысқан жерлесіміз Ербол Хамитов төрт жылда бір келетін қысқы спорт түрлеріне дайындық кезінде туындаған қиындықтар туралы айтты, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі Sputnik.kz сайтына сілтеме жасап.

Қазақстан құрамасының туын ұстап шыққан, 24 жастағы петропавлдық Ербол Хамитов Паралимпиада ойындарында LW 12 (отырып жарысу) санатында өнер көрсетті.
Қысқы Паралимпиада ойындары – жерлесіміз үшін мұндай деңгейдегі алғашқы жарыс. Соған қарамастан лайықты нәтиже көрсетті. Ербол Хамитов шаңғы жарысында жетінші болып келді. Бірақ  бұл көрсеткіш спортшының өзінің көңілінен шықпапты.

– Мен шаңғымен сырғанауға 2018 жылдың маусым айында келдім. Осы уақыттың ішінде біз өз күшімізбен дайындалдық деп айтсам болады. Әсіресе, 2019 жылдың соңына қарай дайындықты мықтап қолға алдық. Щучинскіде оқу-жаттығу жиынында болдық. Жалпы, кәсіпқой спортшыларға сай емес, өте қиын жағдайда өмір сүрдік, – дейді Ербол Хамитов.

Спортшының сөзінше, 2020 жылдан бастап Ұлттық паралимпиада комитеті паралимпиадалық спорт түрлеріне бөлінетін қаржы пен басқаруды толығымен өз қолдарына алған. Бірақ спортшылар толыққанды оқу-жаттығу жиындарын өткізе бастағанда, пандемия басталып, олар өзгелер секілді   жаттығуды үйде жалғастырған.
Бейжіңдегі ойындарға толық дайындық 2021 жылы ғана басталған.
Спорт туралы заң құрал-жабдықтарды сатып алуды шектейтіндіктен, олар әрқашан қажетті заттарды ала алмапты. Паралимпидашы өзінің жеке бапкері Антон Ждановичтің несие алып, Германиядан өз қаражатына мылтық сатып алып бергенін айтты.

– Соның арқасында Бейжіңдегі Паралимпиада ойындарында биатлоннан бақ сынауға мүмкіндік алдым. Бұдан бөлек Беларусь командасының арқасында мен Швецияда өткен әлем чемпионатында үшінші орын алдым, себебі олар маған өз винтовкаларын бере тұрған еді, – деді спортшы.

Ербол Хамитов биылғы еліміз спортшылары арасында қысқы ойындардың жалғыз медалін паралимпиадашылар алғанын айтты.

– Александр Герлиц қазақ паралимпиадалық спорты үшін тарихи жеңіске қол жеткізіп, адам сенгісіз жетістікке жетті, –  деп атап өтті Ербол Хамитов.

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінде 2022 жылғы 20 қаңтарда тіркеліп, №KZ76VPY00045027 куәлігі берілген.

Меншік иесі:  

СҚО әкімдігінің «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС.

Яндекс.Метрика

Директор —

Ербақыт Амантайұлы

Сайттың бас редакторы —

Марат Шынтеміров, 

333marat@rambler.ru

@2022 — Designed and Developed by qyzyljarnews.kz