Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов Петропавлдағы ЖЭО-2-дегі апаттың слдарын жою бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жайлы баяндады, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
— Ел Президенті қысқа мерзімде Петропавл тұрғындарын жылумен қамтамасыз етуді тапсырды. Кешегі апатқа дейін төрт қазандық жұмыс істеп тұрған. Екеуі істен шықты, түні бойы екеуі ғана істеп тұрды, таңертең үшінші қазандық іске қосылды. Түстен кейін төртіншісі жұмыс істей бастайды. Яғни, кешке біз апатқа дейінгі жағдай режіміне көшеміз. Толық қуатында болмауы мүмкін, бірақ жылу энергиясы бойынша жағдай түзелуде. Ыстық су мен жарықты ешкім өшірмейді, — деп сендірді облыс әкімі.
Сондай-ақ, өңір басшысы қазір апат орнында қалпына келтіру және іздестіру жұмыстары жүріп жатқанын атап өтті. Бір жұмысшы әлі де іздестірілуде. Басқа зардап шеккендер немесе көмек сұрағандар жоқ.
— Апаттың себептерін зерттейтін арнайы комиссия құрылды. Оның құрамына әкімдік, құқық қорғау органдарының қызметкерлері және тиісті мамандар кірді. Нәтижелерді жариялаймыз, — деді Құмар Ақсақалов.
Мұржаның қайта құлау ықтималдығы қазір зерттелуде.