Бүгін Қызылжардағы оқушылар сарайында Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы, еңбек ардагері Жақсылық Ысқақовтың 90 жасқа толуына орай конференция өтті, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Салтанатты іс-шараға облыс әкімі Құмар Ақсақалов қатысып, еңбек ардагерін мерейтойымен құттықтады. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Ерік Сұлтанов пен қоғам қайраткері Болат Жылқышиев, мемлекет және қоғам қайраткері Жұмабек Тәшеновтің келіні Фатима Садыққызы, қоғам қайраткері, генерал-лейтенант Абай Тасболатов, ҰҒА академигі, техника ғылымдарының докторы, профессор Ғалымқайыр Мұтанов, қоғам қайраткері Қуат Есімханов, Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы Зейнолла Олжабаев мерейтой иесіне ақжарма тілектерін арнап, иығына шапан жапты.
— Мен аштық жылдарында дүниеге келгенмін. Балалық шағым қиын кезеңдермен тұспа-тұс келді. Халықтың жағдайын жақсартуды ойлап, агроном болғым келген. Өмір өз арнасына салады екен. Сіздерге менің жолымды берсін! — деді шара соңында сөз алған мерейтой иесі.
Салтанатты іс-шара облыстық филармония әртістері мен шығармашылық ұжымдарының концертіне ұласты.