Петропавлдың патрульдік полицейлері және учаскелік полиция инспекторлары формаларын жарық шағылыстырғыш элементтері бар жаңа үлгідегі киімге ауыстырды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Жаңа үлгідегі форма полицейлердің күнделікті жұмысында кездесетін түрлі жағдайларда әрекет етуіне ыңғайлы болу үшін арнайы тігілген. Әсіресе, жарық шағылыстырғыш элементтері бар ашық түсті кеудешелер, түнгі қызмет кезінде өте ыңғайлы болмақ.
Бүгінде жаңа үлгідегі киімдер Петропавлдың патрульдік полиция инспекторларына және учаскелік полиция инспекторларына, сондай-ақ бірқатар аудандардағы бөлімшелердің қызметкерлеріне берілді. Жаңа форманы облыстағы ювеналдық полицейлер кезең-кезеңмен алады.
-Полицейлерге арналған жаңа форма әзірлеу – ішкі істер органдарын жетілдіру бойынша Жол картасы тармақтарының бірі. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында барлық қызмет «сервистік модельге» негізделген. Патрульдік полицейлер мен учаскелік инспекторлар халықпен тығыз байланыста жұмыс істейді. Сондай-ақ аталған бөлініс қызметкерлері тәулік бойы, кез келген ауа райы жағдайында және далада қызмет атқарады: оқиға орындарына, жол апаттарына, құқық бұзушылыққа алғашқылардың бірі болып шығады, сондай-ақ басқа да шұғыл шақыртуларға қызмет көрсетеді. Жаңа киім үлгісі жедел-қызметтік тапсырмаларды шұғыл әрі кәсіби орындауға ыңғайлы,-деді СҚО ПД бастығының бірінші орынбасары Қанат Айтбаев.