Наурыздың 28-і мен 30 аралығында солтүстікқазақстандық полицейлер борышкерлер мен алимент төлемеушілерді, туыстық байланыстарын жоғалтқан тұлғаларды іздестіру бойынша акция өткізді. Нәтижесінде, баласы мен жолдасын тастап, АҚШ-қа кетіп қалған әйел адам анықталды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
СҚО Полиция департаменті көші-қон қызметінің мәліметінше, 40 жастағы азаматша 12 жастағы баласын бұрынғы күйеуімен қалдырып,Түменге кетіп қалған. Одан кейін АҚШ-тан бірақ шығыпты. Алимент төлеуден жалтарған әйелге жеке сот орындаушысына хабарласу қажеттігі туралы жеткізіліп, барлық қажетті ақпарат іздеу салған адамға жіберілді.
-Жалпы акцияның алғашқы күнінде іздеуде жүрген 14 адам анықталды. Оның төртеуі — борышкер, 7-уі алимент төлеуден жартарғандар және туыстық байланыстарын жоғалтқан 3 адам,- деп хабарлады көші-қон қызметі басқармасы бастығының міндетін атқарушы Ермек Нұсырбаев.
Акция барысында іздестірілгендердің бесеуі облыс аумағынан тыс жерде, екеуі шетелде екені анықталды. Жалпы жыл басынан көші-қон қызметінің барлық үш бағыты бойынша 93 адам есепте тұрған, қазіргі уақытта 43 адамның қайда екені белгілі болды.