Солтүстік Қазақстан облысында көтерме саудамен айналысатын 2 кәсіпкер бір мезгілде қантты негізсіз қымбаттатқан, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Бәсекелестікті қорғау агенттігінің мамандары елдегі қант тапшылығы мәселесіне байланысты облыс аумағында мониторинг жүргізді. Бүгінде өңірімізде көтерме қант саудасымен 7 компания айналысады. Тексеріс тобы наурыз айында құмшекердің бір келісі 11,7 және 12,5 пайызға қымбаттатқан компанияларды анықтаған. Нәтижесінде, бөлшек саудада қант құны 25% — ға өсті.
— «Кант-СК» ЖШС мен «Козлов» жеке кәсіпкерлігі бағаны 298 теңгеден 333 теңгеге дейін көтергенін анықтады. Осыған байланысты біз оларға хабарлама жібердік. Енді олар көтерме бағаны төмендетуі керек. Орындау мерзімі-30 күн. Орындамаған жағдайда тергеу жүргізу туралы шешім қабылданатын болады, — деді бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің СҚО бойынша департаменті басшысы Марлен Хамзин.
Pexels иллюстрациялық фотосы