Ұлттық қауіпсіздік комитеті Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан Президенті мен бірқатар жоғары лауазымды мемлекеттік қызметкерге қастандық жасауды жоспарлаған шетелдік барлау агентін ұстады, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
«25 наурызда ҰҚК қарсы барлау қызметі Нұр-Сұлтанда Қазақстан президентіне және бірқатар жоғары лауазымды мемлекеттік қызметкерге қастандық жасауды жоспарлаған шетелдік барлау агенті «А» деген Қазақстан азаматын ұстады», — делінген ҰҚК хабарламасында.
Сондай-ақ күдікті арнаулы және құқық қорғау органдары қызметкерлеріне қатысты террористік акті жасауды жоспарлағаны белгілі болды.
Баспананы тінту кезінде одан шетелде шығарылған дыбыс өшіргіші бар снайперлік винтовка, есірткі және ірі көлемде ақша тәркіленді. Қару Қазақстанға бөлшек-бөлшекпен жасырын әкелінген.
Алдын ала тергеу барысында күдікті шетел мемлекетінің тапсырмасын орындағанын мойындады.
Қазіргі кезде ҰҚК Қылмыстық кодекстің 24-бабы 1-бөлігі (қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу) және 255-бабы 4-бөлігінде (терроризм актісі) көзделген қылмысты жасау фактілері бойынша тергеу жүргізуде.
Фото ҰҚК-нен