Бүгінде облыс аумағының шамамен 50 %-дан астамында ғана қар жатыр, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
«Қазгидромет» РМК облыстық филиалы директорының орынбасары Наталья Левинаның айтуынша, өзен-көлдерде мұз сөгіліп, су деңгейі көтеріліп келеді. Сәуірдің 5-і Есіл өзенінің салаларында су деңгейі тәулігіне 3-тен 28 см-ге дейін жоғарылады. 4 сәуірден бастап Сергеев су қоймасына су тола бастады. Қазіргі таңда су қоймасының көлемі 530 млн текше метр, яғни 76%-ға толған.
-Сәуір айының соңында Петропавл қаласынан жоғары орналасқан бекеттерде су тасқыны шарықтау деңгейіне жетуі мүмкін. Ал Петропавл маңында сәуірдің аяғында және мамыр айының басында су тасқыны болады деп болжанып отыр. Сергеев су қоймасына құйылатын еріген қар суының мөлшері 1-ден 1,5 миллиард текше метрге жетуі ықтимал, бұл қалыпты жағдай , — деді Наталья Левина.
Фото: Qyzyljarnews.kz / Талғат Тәнібаев