Жыл басынан солтүстікқазақстандық полицейлер 214 интернет-алаяқтық фактісін анықтады. Көп жағдайда киберқылмыскерлер әлеуметтік желілерге жалған хабарландыру орналастырып, тауар үшін алдын-ала төлемді талап етеді. Ал кейде керісінше жарнамаланған затты сатып алатын сыңай танытып, құпия мәліметтерді біліп алады, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Интернет-алаяқтар негізінен тұрғындардың құпия мәліметтерін, әсіресе банк карталарының кодтары және смс-пен келетін кодтарды біліп алуға тырысады. Қолда бар дерекпен арам ойын іске асырады. 3 айдың ішінде осындай 40 факті тіркелді. Алаяқтар жәбірленушілерді есепшоттағы қаражаттарына қауіп төніп тұр деп сендіріп, несие рәсімдеуге үгіттейді.
-Онымен қоса, «салған ақшаны өсіру», инвестиция салу арқылы ұтысқа ие болу, биржа және валюта бағамдарына бәс тігу, оңай жолмен ақша табудың басқа да жолдары туралы күмәнді ұсыныстардан сақтанған дұрыс. Соңғы кезде аталған алдау тәсілін киберқылмыскерлер жиі қолданатын болған. Сондықтан, барынша сақтық танытып, жақындарыңызды алаяқтық туралы ескертіп жүріңіздер,-дейді криминалдық полиция басқармасының бастығы Марат Жұмалиев.
Pexels иллюстрациялық фотосы