Үстіміздегі жылдың 24 наурызында ветеринариялық қызметке иелігінде 124 ірі қарасы, 390 ұсақ малы, 60 жылқы мен 88 шошқасы бар Тимирязев ауданының Приозерное ауылындағы мал фермасында індет тарағаны туралы хабар түскен. Мамандар шаруашылыққа барып, клиникалық тексеру жүргізді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Мал күтімінің жалпы жағдайының нашарлығына назар аударған мамандар меншік иесіне індеттің таралуын болдырмау үшін ауруға шалдыққан жануарларды оқшаулау, олардың орнын ауыстырмау жөнінде кеңес берді. Ауру малды союға тыйым салынды. Мал дәрігері тиісті ем шараларын жүргізді.
-Ветеринарлық қызмет іріктеп алған биоматериал жұқпалы ауруларға зерттеу мақсатында Нұр-Сұлтандағы ветеринария жөніндегі референттік орталыққа жеткізілді, — деді ветеринария басқармасының басшысы Берік Әлжанов.
Алайда қолданылған шараларға қарамастан 24 наурыз бен 4 сәуір аралығында шаруашылықта 15 ірі қара шетінеді.
-Бұл шаруашылықта ветеринариялық-санитариялық талаптар, малды азықтандыру рационы сақталмаған. Зерттеулердің нәтижелері бойынша инфекциялық ринотрахеит диагнозы расталды. Енді ауданның ветеринариялық инспекторының ұсынысы негізінде ауылдық округ әкімінің шешімімен шектеу іс — шаралары енгізіледі. Үй-жайларға вакцинация, дезинфекция жұмыстары жүргізіледі. Шектеу шаралары ең соңғы мал айыққаннан кейін 30 күн өткен соң алынып тасталады, — деді облыстың бас мал дәрігері.
Оның айтуынша, бұл дерт адамдар үшін қауіпті емес. Етті пісіріп, сүтті қайнатқаннан кейін ғана пайдалануға болады.
Фото: ашық дереккөздерден