Су тасқыны-2022: асау толқын «ауыздықтауға» келе ме

Авторы: Аманжол НҰРТАЗИН

Көктем сайын солтүстікқазақстандық құтқарушылар су тасқынымен арпалысқа түседі. Асау толқынды ауыздықтау оңай шаруа емес. Облыстағы қауіпті аймақта орналасқан елді мекендер құтқарушығардың қырағы назарына алынған. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Мұрат Қанғожинов құтқарушылардың биылғы тасқынға даярлығы мен апаттың алдын алу үшін қандай шаралар атқарылып жатқаны жайында Qyzyljarnews.kz тілшілеріне арнайы сұқбат берді.

– Сәлеметсіз бе! Көктем сайын үрей туғызып, әбігерге салатын жағдайдың бірі – су тасқыны. Облыста қазіргі жағдай қалай?

– Жағдай тұрақты. Қар жылдам еріп жатыр, өзен көлдердегі мұз да жұқарып, қызыл су жүре бастады. Сергеев су қоймасы 75 пайызға толды. Әлі де 160 миллион текше метрден астам су сыяды.

– Тасқынның алдын-алу жұмыстарына қанша адам жұмылдырылды?

– 475 адамнан тұратын 8 топ құрылды. Жұмысқа 134 бірлік техника тартылды. 3 сәуірде өзендер мен көлдердің деңгейіне тәулік бойы мониторинг жүргізу, мұзды жару және шұңқыр қазу, бөгеттерді нығайту және еріген суларды сору бойынша жұмыстар жүргізу үшін облыстың үш ауданына – топ мүшелері жіберілді. Олар қазір Айыртау, Тимирязев және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандарда жұмыс істеп жатыр.

– Облыстың қандай аудандарында тасқын қаупі жоғары? Қанша ауыл қауіпті аймақта?

– Айыртау, Ғабит Мүсірепов, Тимирязев, Шал ақын аудандары ерекше бақылауда. Олар ең қауіпті аймаққа жатады. Елді мекендерге келетін болсақ, 85-ін су басуы мүмкін. Бұл – 1872 үйде тұратын 6068 адам. Тек өзендер ғана емес, еріген қар суы мен көлдерден де қатер болуы мүмкін.

– Су тасқынының алдын алу – басты міндет. Сақтансаң сақтармын де дегендей, түсіндіру жұмыстары қалай жүріп жатыр?

– Иә, 200-ге жуық елді мекенде біз су тасқынына дайындық айлықтарын, 260-тан астам рейд және 160 кездесу өткіздік, жалпы айтқанда 35 мыңнан астам адаммен сөйлесіп, қауіп туралы айттық, сақтандырдық. Жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, көшелерді, арықтар мен жол жиектерін қар мен мұздан тазарттық. Өкінішке қарай, кейбір адамдар бұған салғырт қарайды, аулаларындағы қарды шығармайды, арықтарды тазаламайды. Басқалардың келіп істегенін күтіп отырады.

– Елді мекендерден қарды шығару, өзендер мен көлдердегі мұзды жару тасқын қаупін азайтатыны белгілі. Биыл осы бағытта қандай жұмыстар атқарылуда? Құтқарушылар тағы не істеп жатыр?

– Елді мекендерден 600 мың текше метрден астам қар шығарылды. Сондай-ақ, су өткізу құбырларын, каналдар мен арықтарды тазарту жұмыстары жүргізілді. Мұз кептелісін болдырмау үшін өңірдегі Сілеті, Шарық, Жембарақ, Ақан-Бұрлық, Бабық- Бұрлық, Қарасу өзендері мен Имантау көлдерінде мұз жарылды.

– Әңгімеңізге рақмет!

Биыл жағдай тұрақты, әрі бақылауда ұстап отырмыз. Мұрағаттағы жазбалар мен деректерге сүйенсек, 2017 жылғы тасқын өткен ғасырдың қырқыншы жылдарындағы жағдайға өте ұқсас болды. Көп ауылдарды су басып, адамдарды әбігерге салған еді. 2017 жылы облыста 380 үй мен 5 мың саяжай учаскесі су астында қалды. Апаттың салдарынан 10 үй қирап, жарамсыз күйге түсті. Есіл өзеніндегі су деңгейінің көтерілуінен автожолдардың 17 учаскесін басып қалды, 11 су өткізу құрылғысы қирады. Облыстың 20 елді мекенінен 3 мыңға жуық адам және 2 мыңнан астам үй жануарлары эвакуацияланды. 50 елді мекенде электрмен жабдықтау бойынша шектеулер болды. Ғабит Мүсірепов, Қызылжар аудандары және Петропавл қаласында су тасқынының қаупіне байланысты жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жариялауға тура келген болатын.

whatsapp image 2022 04 07 at 16.40.11 whatsapp image 2022 04 07 at 16.40.12 whatsapp image 2022 04 07 at 16.40.11 1

Фото: Qyzyljarnews.kz / Талғат Тәнібаев

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінде 2022 жылғы 20 қаңтарда тіркеліп, №KZ76VPY00045027 куәлігі берілген.

Меншік иесі:  

СҚО әкімдігінің «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС.

Яндекс.Метрика

Директор —

Ербақыт Амантайұлы

Сайттың бас редакторы —

Марат Шынтеміров, 

333marat@rambler.ru

@2022 — Designed and Developed by qyzyljarnews.kz