Жазасын өтеуші мекеме қызметкерлері мен басшылығы өзін ұрып, адамның ар-намысын таптайтын әрекеттерге барды деп шағымданды. Оның үстіне мамандар ақша талап етті деген арызын облыстық прокуратураға, СҚО полиция департаментінің өзіндік қауіпсіздік басқармасына, Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің СҚО бойынша департаментіне жолдаған. Аталған фактілердің ешқайсысы да расталмады, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Жазасын өтеушінің сөздерін бейнебақылау камералары мен қызметкерлердің бейнежетондарынан алынған жазбалар теріске шығарды. Әрі сотталушы өз- өзіне қол салғаны анықталды. Осыған байланысты Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жазасын өтеушіге қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 419-бабының 3-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғады. Петропавл қалалық сотының үкімімен оған тағы 5 жыл мерзім қосылды.
Солтүстік Қазақстан облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жазасын өтеуші «Кісі өлтіру, қарақшылық, ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым құру және оны басқару», «бопсалау» баптары бойынша 25 жылға сотталған. Соның 7 жылын өтепті.
Енді жазасының өтелмеген бөлігіне тағы 5 жыл қосылып, 23 жылын түзету мекемесінде өткізетін болды. Бүгінде облыстағы түзету мекемелерінде 1400-ден астам сотталған жазасын өтеуде.
Pexels иллюстрациялық фотосы