Есіл өзені мен салаларында мұз еріп жатыр. Тиісінше Сергеев су қоймасының деңгейі көтеріліп келеді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Өңірдегі гидрологиялық жағдай туралы «Қазгидромет» РМК филиалының өкілдері айтып баяндады. Бір тәулік ішінде Есіл өзенінде су 1-ден 23 см-ге дейін көтерілген. Максималды көрсеткіш Тоқсан би ауылындағы су бекетінде тіркелді. Есіл өзенінде су деңгейінің көтерілуіне Бабық-Бұрлық, Ақан-Бұрлық және Иман-Бұрлық өзендерінен келген су әсер етті.
Шағын өзендердегі су деңгейі тәулігіне 2 – ден 47 см-ге дейін төмендеді. Ақан-Бұрлықта тәулігіне 15 см-ге, Бабық — Бұрлық өзенінде су 5 см-ге, Шарық өзенінде тәулігіне 3 см төмендегені белгілі болды.
Ал Сергеев су қоймасында су деңгейі әлі көтеріліп жатыр. Тәулігіне плюс 4 см-ге жетіп отыр. Жалпы ондағы су деңгейі 666 см, көлемі-546 млн текше метрді құрайды. Қойма 79% — ға толған.
Фото: ашық дереккөздерден