Петропавл қаласының әкімі Болат Жұмабеков саяжай учаскелеріндегі жағдайға байланысты пікір білдірді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
-Көктемгі кезеңнің басталуымен бау-бақша ұстаушылардың жұмысы жанданады. Кейбір қала тұрғындары шөпті өртеу кезінде қарапайым қауіпсіздік шараларын сақтамайды. Сонымен қатар, 47000 учаскенің жартысы ғана пайдаланылады. Әдетте, шөп басып, бос жатқан учаскелер де өрттің туындауына себепші болады,-дейді Петропавл қаласының басшысы.
Болат Жұмабеков саяжай бірлестіктерінің төрағаларымен кездесу барысында қолданылмаған жер учаскелерін анықтау үшін тексеріс жүргізілетінін айтқан болатын. Бұл жерді айналымға қайтарып, өрт қаупін сейілту үшін қолға алынды.
-Былтыр 700-ден астам учаске есепке қойылды. Бұл бағыттағы жұмыстар биыл да жалғасын табады. Сонымен қатар, учаскелерді пайдаланбағаны үшін иелеріне айыппұл салынуы мүмкін. Саяжай учаскелерінің иелеріне, саяжай қоғамдастықтарының төрағаларына өрт қауіпсіздігі шараларын сақтау қажеттігін тағы да ескертеміз,-деді Болат Жұмабеков.
Фото: ашық дереккөздерден