Қазақстанның Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният СҚО-ға жұмыс сапары барысында брифинг өткізді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Еліміздің бас дәрігері өңірге сапар барысында бірқатар медициналық нысандарды — Тоқшын ауылындағы амбулаторияны, шекара бекетін, Полудино ауылындағы фельдшерлік-акушерлік пунктті, М.Жұмабаев ауданындағы аудандық аурухананы, №3 қалалық емхананы және көпбейінді облыстық аурухананы аралағанын хабарлады.
-Сапар аясында өңір тұрғындарымен, азаматтық сектор өкілдерімен және медицина қызметкерлерімен кездесулер өтті, сондай — ақ мен азаматтарды қабылдадым, — деді ведомство басшысы.
Ажар Ғиният облыстағы медицина және демография саласындағы жағымсыз көрсеткіштерге ерекше назар аударды.
— Өңірде бала туу көрсеткіші 3,5% — ға төмендегені байқалады. Жалпы өлім көрсеткіші 13,4% — ға өсті. Қан айналымы жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітімнің 7,35% — ға өскені байқалады, — деді министр.
Денсаулық сақтау министрі өңірдегі олқылықтарды жою бойынша ұсыныстар берілгенін, ал бұл бағыттағы жұмыс ведомствоның тұрақты бақылауында екенін айтты.
Фото: Qyzyljarnews.kz / Талғат Тәнібаев