Мемлекеттік қызметкер өзіне ұнаған сыйлықтың ақшасын төлеп, өзіне қалдыра алады, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Қазақстанның нормативтік-құқықтық актілерінің ақпараттық-құқықтық жүйесі сайтында Үкіметтің 2022 жылғы 11 сәуіріндегі қаулысы шықты. 2002 жылдың 26 шілдесіндегі №833 «Жекелеген негіздер бойынша мемлекет меншігіне айналдырылған мүлікті есепке алудың, сақтаудың, бағалаудың және одан әрі пайдаланудың кейбір мәселесі» бойынша өзгерістер енгізілді.
Бұл бөлімде мемлекеттік қызметшілерге бір рет берілген сыйлықтар кіреді. Енді оларды сатып алу-сату шарты бойынша иемденуге болады. Бірақ, міндетті түрде басшылықтың мақұлдауы қажет. Сыйлықтың құны “Қазақстандағы бағалау қызметі туралы” заңымен белгіленеді.
-Сыйлықты сатып алу уәкілетті орган мен сыйлықты тапсырған адам арасындағы сатып алу-сату шарты бойынша жасалады. Ол уәкілетті орган сыйлықты алған адамнан хабарлама алған күннен бастап күнтізбелік жеті күн ішінде жүзеге асырылады, – делінген қаулыда.
Фото: ашық дереккөздерден