Өңір жетекшісі Құмар Ақсақалов Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсіновпен кездесті. Бизнес-омбудсмен әңгіме барысында Солтүстік Қазақстандағы бизнестің күрмеулі мәселелері жедел шешуді қажет ететінін айтты, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Рустам Жүрсінов кездесу барысында СҚО-дағы өзекті проблемаларды көтерді. Қазіргі күні жолаушы тасымалдаушыларға демеуқаржы төленбей, «Коммунхоздың» кәсіпкерлер алдындағы міндеттерінің орындамауы секілді өзекті мәселелерді көтерді.
Сонымен қатар, теріскейге келген мейман СҚО әкімдігінің мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау басқармасының қызметкерлері тарапынан жіберілген заң бұзушылықтарға тоқталды. Оның айтуынша, мемлекеттік орган нысандарды қабылдау актілерінің келісу мерзімін жүйелі түрде бұзған. Тіпті, заңсыз тексерулер жүргізіп, бизнесті өз бастамасымен тексеріпті. Кәсіпкерлер палатасының өзіне 11 шағым түскен.
Сондай-ақ, Рустам Жүрсінов өңір басшысына ауыл шаруашылығы жерлерін конкурс арқылы беру бойынша жұмыс жеткілікті түрде жүргізілмейтінін, геопортал жұмысының тиімсіздігін айтты.