Көктем келгелі облыста 6 адамды кене шақты. Зардап шеккендердің үшеуі 14 жасқа толмаған бала, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, былтыр дәл осы кезеңде кене шағу фактісі тіркелген жоқ, ал биыл қансорғыштар ерте оянған.
-Өткен жылы облыс бойынша кене шағудың 408 фактісі тіркелді. Бұл көрсеткіш алдыңғы эпидемиялық маусыммен салыстырғанда 9% — ға өскен. Оның ішінде 9 адамда кене энцефалиті анықталды. 2020 жылы 4 тұрғын ауруға шалдыққан. Зардап шеккендердің барлығы айығып шықты, өлім-жітім болған жоқ. Кене энцефалиті қауіпті инфекциялық аурулардың бірі, орталық жүйке жүйесін зақымдап, қатты бас ауруы мазалайды. Мұндай кезде бірден дәрігер көмегіне жүгінген жөн,-дейді эпидемиологиялық бақылау бөлімінің бас маманы Анар Валеева.
Маманның айтуынша, облыста жыл сайын кене мен басқа да қан сорғыш жәндіктерге қарсы профилактикалық дезинсекциялау жұмыстары жүргізіліп отырады. 11 сәуірден бастап Мамлют ауданының Дубровное, Искра және Покровка ауылдарына іргелес аумақта кенеге қарсы дәрі шашу жүргізілуде. Жалпы дезинсекция алаңы 360 гектар.